Иконка Call Center

Иконка для слабовидящих

Тіркелу

ҚР ПІБ МО ауруханасында Дүниежүзілік семіздікпен күрес күніне орай акция өтті

  05.03.2026
ҚР ПІБ МО ауруханасында Дүниежүзілік семіздікпен күрес күніне орай акция өтті

ҚР ПІБ МО ауруханасында Дүниежүзілік семіздікпен күрес күніне орай «Салауатты салмақ аумағы» атты профилактикалық акция өтті. Іс-шара артық салмақ мәселесіне және оның денсаулыққа тигізетін әсеріне қоғам назарын аударуға бағытталды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлнар Турдунова акцияның мақсаты салмақты бақылаудың маңызын еске салып, семіздік мәселесіне қоғам назарын аудару екенін атап өтті. «Артық салмақ 200-ден астам аурудың даму қаупін арттырады. Олардың қатарында қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары және буын сырқаттары бар. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, бүгінде әлемде бір миллиардтан астам адам артық салмақпен өмір сүруде және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Сондықтан оның салдарын ғана емдеу жеткіліксіз. Ең бастысы – алдын алу, салауатты әдеттер қалыптастыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау», – деді ол.

Шараға шамамен 100 адам қатысты. Олардың 58-і тіркеліп, экспресс-диагностикадан өтті. Қатысушылардың бойы, салмағы, дене салмағының индексі және бел өлшемі алынды. Бұл көрсеткіштер денсаулыққа төнуі мүмкін қауіптерді бағалап, өмір салтын өзгерту қажеттігін түсінуге көмектеседі.

Келушілер эндокринолог, диетолог, психолог және терапевт мамандарынан кеңес алды. Олар теңгерімді тамақтану қағидалары, дене белсенділігінің маңызы және салауатты әдеттерді қалыптастырудың психологиялық қырлары туралы айтып берді. Сонымен қатар дұрыс тамақтану бойынша шеберлік сабағы мен емдік дене шынықтыру жаттығулары өткізілді. Нұсқаушы үй жағдайында оңай орындауға болатын қарапайым жаттығуларды көрсетіп, тығыз жұмыс кестесі кезінде де дене белсенділігін сақтаудың жолдарын түсіндірді.

Акция қатысушылар үшін күнделікті қарбаластың арасында бір сәт аялдап, денсаулық көрсеткіштерін тексеріп, өміріндегі оң өзгерістерге алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді. Мұндай шаралар денсаулыққа қамқорлық қарапайым шешімдер мен күнделікті пайдалы әдеттерден басталатынын тағы бір рет еске салады.







Аурухана серіктестері