Екі күнде 12 күрделі операция жасалды: Түркістан облысындағы Медициналық орталық күндерінің қорытындысы

ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері 2026 жылдың 25-26 ақпанында Түркістан облысында өтті. Іссапар аясында Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері өңір тұрғындарын қабылдап, заманауи технологиялардың көмегімен күрделі оталар жасады.
Екі күнде мамандар 212 пациентке консультациялық көмек көрсетіп, 12 хирургиялық ота жасады. Әр пациентке алдағы ем-шарасы мен бақылауы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нақты кеңестер берілді.
Медициналық орталық ауруханасының делегациясы құрамында №5 хирургия бөлімшесінің аритмологі Ринат Қамиев, №7 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, қантамыр хирургі Абылай Сейітқалиев, №4 хирургия бөлімшесінің проктологі Әмір Сүлейменов, №5 хирургия бөлімшесінің кардиологі Назира Әлібаева, МСАК бірінші бөлімшесінің невропатологі дәрігер Ғалымжан Жолданбаев, Ядролық медицина орталығының аға дәрігері, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Қуантқан Жабағин, кәсіптік білім беру бөлімшесінің жетекші маманы Айша Барлыбаева, клинико-фармакологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Алтын Нұрпейісова, №8 хирургия бөлімшесінің гинеколог дәрігері Әділ Адрешев болды.
Өңірлік медициналық ұйымдар базасында бірқатар күрделі ота сәтті жасалды. Гинеколог дәрігер Әділ Адрешев әйелдер денсаулығына қатысты заманауи әдістермен операциялар жүргізді. Атап айтқанда, зәр ұстамау мен кіші жамбас ағзаларының төмен түсуіне байланысты жасалатын хирургиялық түзету оталарын орындады. Ал проктолог дәрігер Әмір Сүлейменов тік ішек аймағындағы ауруларды емдеуге бағытталған заманауи операциялар жасап, геморройды аз инвазиялы тәсілдермен емдеді.
Сонымен қатар іссапар барысында білім беру бағытына да айрықша көңіл бөлінді. Өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған 9 оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 302 маман қатысты. Шеберлік сабақтарында заманауи диагностика мен емдеу әдістері, жаңа медициналық технологияларды енгізу, сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Медициналық орталық күндерінің өткізілуі Түркістан облысы тұрғындары үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырып, медициналық ұйымдар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтты.


.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
