Гематологиядағы заманауи тәсілдер бойынша ҚР ПІБ МО ауруханасында шетелдік маманның шеберлік сабағы өтті

ҚР ПІБ МО ауруханасында 9-13 ақпан аралығында Санкт-Петербургтен келген гематолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Потапенко Всеволод шеберлік сабағын өткізді.
«Терапевтер тәжірибесінде гематологиялық ауруларды анықтаудың тиімді алгоритмдері» бағдарламасы аясында гематология саласының өзекті мәселелері бойынша 12 дәріс ұйымдастырылды. Бағдарламаның мақсаты – дәрігерлердің білімін толықтырып, күнделікті тәжірибеде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануына мүмкіндік жасау.
Дәрістер барысында анемия, лейкоз, лимфопролиферативті және миелопролиферативті ауруларды анықтау жолдары, химиотерапиядан кейін туындайтын инфекциялық асқынулар, сондай-ақ науқастарды ұзақмерзімді бақылаудың заманауи тәсілдері жан-жақты қарастырылды.
Бағдарлама тек дәрістермен шектелмей, нақты клиникалық жағдайларды талдау, ситуациялық тапсырмаларды шешу және күрделі диагностикалық алгоритмдерді бірлесіп қарастыруды қамтыды. Бұл дәрігерлердің теориялық білімін нығайтып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Бағдарлама аясында Аурухананың бөлімшелері мен емханасында пациенттерге жеке кеңестер берілді. Сонымен қатар маман алдағы жұмысқа қажетті оқу құралдары мен әдістемелік материалдарды табыстады.
Шеберлік сабағының қорытындысында МОА ұжымы Потапенко Всеволодқа жоғары кәсіби деңгейі, тәжірибеге бағытталған мазмұндағы оқытуы және амбулаториялық гематология мен ғылыми жұмысты дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.
ҚР ПІБ МО ауруханасы алдағы уақытта да халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, мамандардың біліктілігін заманауи талаптарға сай арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

.jpeg)

